Menu

13 қаңтар. ҚазАқпарат күнтізбесі


АСТАНА. ҚазАқпарат — ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 13 қаңтарға арналған күнтізбесін ұсынады.



null

13 қаңтар ЖЕКСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1924 жылы «Ақ жол» газетінде С. Қожановтың демократия мәселелеріне қатысты өз ұстанымын білдірген мақаласы жарияланды.

«Демократия партия жасау жолында пайдаланылуы керек. Демократия — тілмаштар үшін емес, партия жұртшылығы үшін, әсемдік үшін емес, халықты көтеру үшін», — дейді ол өз мақаласында.

1926 жылы Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесасымен қазақтың бірінші кәсіби ұлттық театры — Қазақ драма театрының (қазіргі М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театры) ресми ашылу рәсімі өтті. Өнер ұжымы алғаш рет 1925 жылы Қызылорда қаласында ұйымдастырылған болатын. 1929 жылы театр труппасы Алматыға қоныс аударды. 1937 жылы академиялық мәртебесін алса, ал 1961 жылы қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Театр сахнасында халық шығармашылығының танымал шеберлері: Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, т.б. өнер көрсеткен. 1926-1932 жылдары театрға актер және режиссер Жұмат Шанин басшылық жасаған.

1934 жылы Алматыда Қазақ музыкалық драма театры (қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) құрылды. Театр сахнасында ең бірінші Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектаклі мен Бейімбет Майлиннің «Шұға» драмасы қойылды.

2004 жылы Қазақстан Республикасының рухани және білім беру салаларын дамыту, мәдени мұраларды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 1994 жылы Қазақстан ратификациялаған БҰҰ балалар құқығы туралы Конвенцияға сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау бойынша комитеті құрылды. Комитеттің басты міндеті — балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

2009 жылы Екібастұз қаласында (Павлодар облысы) Жасыбай батырдың Қоғамдық қоры құрылды. Қор Жасыбай батырға ескерткіш орнатуға қаражат жинау үшін құрылған.

Оны көмір шығарушылар мен энергетиктер қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының минералды қорлар академиясының корреспондент-мүшесi Серік Жақсыбаев құрды.

Жасыбай батыр жоңғарлармен шайқасқан қолды басқарды. 1752 жылы бүгінгі Баянауылда жау жебесiнен қаза болған. Бұл Шойынкөл көлінің маңайында болды, содан кейін ол жер Жасыбай аталып кеткен.

2010 жылы Венада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабы неміс тілінде жарық көрді.

2010 жылы Астанада қазақстандық үлесті дамыту мәселелері бойынша Сараптама кеңесінің І отырысы өтті.

2010 жылы «Астана бас жоспары» кәсіпорнында Керей мен Жәнібек хандарға және ұлы ақын Абайға арналған ескерткіш жобаларының ең үздік эскиздік-идеяларына жарияланған республикалық байқаудың нәтижелері шығарылды. Ескерткіштер Астанада орнатылуы тиіс болды.

Елордалық сәулетші Ринат Әбеновтің Керей мен Жәнібек хандар ескерткіш жобасы үздік деп танылды. Оның жұмысы «Хан Шатыр» кешеніне қарама-қарсы орналасқан «Ғашықтар» саябағына орнатылды. Ұлы Абайға арналған ескерткіш бойынша бірінші орынды алматылық Болат Досжанов ұтып алды. Ойшыл, ақын Абайдың ескерткіші Бейбітшілік және Абай көшелерінің қиылысында бой көтерді.

2011 жылы Мәскеу қаласының Атаулы оқиғалар мен отандық тарих және мәдениет қайраткерлерінің есімін мәңгілік есте қалдыру жөніндегі комиссиясы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің қазақтың мемлекеттік және саяси қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімін мәңгілік есте қалдыру туралы ұсынысын қолдады. Комиссияның шешіміне сәйкес, мемориалдық тақта Мәскеуде Т.Рысқұлов 1931-1934 жылдары өмір сүрген Покровский бульвар, 14 мекенжайындағы үйге орнатылатын болады. Естелік тақтаны көркемдеуді және оны қаржыландыруды қазақстандық тарап өз мойнына алады.

2012 жылы Оралда ақын Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиевтер тұрған, жұмыс істеген үйлерге орнатылған ескерткіш тақталардың ашылу рәсімі өтті.

2017 жылы Қазақстандық боксшы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев 2017 жылы Алматыда өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиада қонақтары мен еріктілері орналасатын Атлетика қалашығының әкімі болып тағайындалды.

2017 жылы Үндістанның Курукшетра және Рохтаг қалаларында Павлодарлық суретші Светлана Кравченконың «Aqua Light» атты екі жеке көрмесі өтті.

Светлана Кравченко — талантты акварелист, графикалық дизайнер, Қазақстан Халықаралық акварель қоғамдастығының ұйымдастырушысы әрі кураторы.

2018 жылы Қазақстан Республикасы заңнамасын электронды нұсқада шоғырландыру мақсатында Бірыңғай құқықтық ақпарат жүйесі жасалды. Ол үшін Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкі мен «Әділет» жүйесі біріктірілді.


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/13-kantar-kazakparat-kuntizbesi_a3487144”